Читать онлайн полностью бесплатно Кеңес Оразбекұлы - Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың шым-шытырық хикаялары

Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың шым-шытырық хикаялары

Бұл сериялы күлдіргі ертегі. Басты кейіпкерлері Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт – үшеуі ертеден келе жатқан ажырағысыз достар. Олар бүгінгі өмірге бейімделу үшін неше түрлі кәсіпті игеруге тырысады.

© Кеңес Оразбекұлы, 2020


ISBN 978-5-4498-8287-5

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ
Тел: 8 7077891693,
8 7023528156

ЖАРҒАҚБАС, ҚЫЛКЕҢІРДЕК, ШИБҰТТЫҢ

ШЫМ-ШЫТЫРЫҚ ХИКАЯЛАРЫ

(Сериялы ертегілер)
Ай қараңғысындағы оқиға




Соңғы түйенің жүгі ауыр





Сан соқтырған сазгерлер




Қазына аралында






Суреттерді салған: Құралай Үмбетова


ЖАРҒАҚБАС, ҚЫЛКЕҢІРДЕК, ШИБҰТТЫҢ

ШЫМ-ШЫТЫРЫҚ ХИКАЯЛАРЫ

(Әзіл-күлкілі сериялы ертегі)


Халық ауыз әдебиетінде «Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт» атты алақандай шағын ертегі бар екенін жақсы білесіздер. Ертегіде ерекше жаратылған үш кейіпкер түнде ұрлыққа шығады да, біреуінің – басы, екіншісінің кеңірдегі жарылып, үшіншісінің аяғы сынып, өліп қалады. Неге екенін, басталмай жатып аяқталатын бұл ертегіні балалар жақсы көреді, кейіпкерлерінің суретін салуға құмар…

Сіздерге сүйіншілеп айтатын жайымыз, қолдарыңыздағы бұл кітап балаларды сол сүйікті кейіпкерлерімен қайта табыстырғалы отыр. Яғни, автор әлгі ертегінің үш кейіпкерін жаңа сапада қайта тірілтіп, он тараудан тұратын шытырман оқиғалы, қызықты да күлдіргі хикаятқа айналдырыпты. Бұл хикаят оқырманын тек күлдіріп қана қоймай, бүгінгі әлеуметтік мәселелерді балаларға оңайлықпен түсінетіндей шеберлікпен көтеріп, жастарды мамандықтарын дұрыс таңдай білуге, ізденімпаз да талапты болуға, өмірдің уақытша қиындықтарына төзіп қана қоймай, одан шығатын жолдың бар екенін көрсетуімен де маңызды.

Тілі жеңіл әрі жатық, халық аузындағы сирек кездесетін мың иірімді қанатты сөздер мен сөз тіркестерін молынан қамтыған, оқырманын үлкен, кіші демей баурап алатын шым-шытырық оқиғалы мазмұнды шығарма.

ӘЛҚИССА

Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт үшеуінің де асынып алған жол қапшықтары бар. Жарғақбастың иығында құрық, Қылкеңірдектің иығында арқан, Шибұттың иығында жүген, қолында қамшы, үшеуі көше бойлап алшаң басып жүріп келеді. Жүргені өз алдына, былайша әндетіп келеді: Бөлінбейтін үш доспыз,

Кез келген іске біз қоспыз.

Талай сыннан сүрінсек те,

Бет қайтпайтын «жылпоспыз».


Жолымызды оңғарсын!

Деп тілейміз Тәңірден.

Сәті түспей жатса да,

Түңілмейміз,

Үміттіміз өмірден!


Реніш, өкпе жоқ бізде,

Емеспіз біз ел кезбе.

Табылса егер бір жұмыс,

Жұмыламыз, біз – құлмыз! —

деп, хош көңілмен шеру құрып келеді. Жеңдерін түріп ап, «Екі қолға бір жұмыс» деп белсеніп келеді. Үшеуі бір-біріне сүйемел боп, қиындықты қайыспай еңсеріп келеді.

Ал, балалар, біз олардың қызықты шым-шытырық хикаяларын сендерге баяндап, барымызды бөліскіміз келеді.


Аттракциондағы арпалыс


Балалар, халық аузында мынандай шағын ертегі бар екенін бәрің білесіңдер:

Ертеде Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт деген үш ұры болған екен. Бір күні олар ұрлыққа аттаныпты. Көздеген жеріне жеткен соң, ауылдың жатқан-жатпағанын бақылап, шолып келу үшін, олар біреуін жібермек болыпты.

Қылкеңірдек жанындағы серігіне:

– Ал, Жареке, ауылдың жатқан-жатпағанын бақылап, шолып келу үшін бұл жолы сен барып келесің бе? – дейді.

Жарғақбас орнынан тұрады:

– Барсам барайын. – Қолындағы қапшығын Шибұттың алдына қойып, қолына түкіреді. – «Күн жаз, ет аз» деген, нартәуекел!

Ол жөнеп береді. Жота басына шыққанда, ар жағынан ауыл оттары көрінеді. Етекке түсіп келе жатқанда, оның айға шағылысқан жарғақ басын жарық көзі деп қалса керек, бір жәндік айналшықтап шықпайды. Ол айналып-айналып келіп, Жарғақбастың жылтыр басына қонады. Жарғақбас қолымен жасқап, оны ұшырып жібереді. Жәндік шыркөбелек айналып-айналып барып, Жарғақбастың маңдай тұсына тағы қонады. Басы жыбырлап, ыза болған Жарғақбас «Тпу, иттің баласы!» деп, балғадай ауыр қолымен жәндікті өлтіремін деп басына бір қояды. Шытынап тұрған жарғақ басы қақ жарылып, өзі кескен теректей «гүрс» құлап, сол жерде жан-тәсілім етеді.

– Бие сауымдай уақыт өтті. Бұл сорлы қайтпады ғой, оған не болды екен ә? – деді Шибұт тыпыршып.

– Иә, қатты кешікті. Сен барып жағдайын біліп келші.

– «Баланы іске бұйыр, соңынан өзің жүгір» деген осы. Барсам барып келейін.

Ол орнынан тұрып, қолындағы заттарын Қылкеңірдектің жанына қояды да, өзі жорта жөнеледі. Қыр асып, Жарғақбастың ізімен жүріп келе жатқанда, шөп арасынан серігінің басы жарылып өліп жатқаны үстінен түседі. Шибұт шошып:

– Астапыралла! Қа-ап!!! – деп, екі қолымен санын бір соққанда, шидей аяқтары «шарт» сынып, ол да сол жерде сеспей қатады.

Қылкеңірдек Жетіқарақшы жұлдызына қарап тұрып:

– Міне, ет пісірімдей уақыт өтті, екеуінен де хабар жоқ. «Қойшы көп болса, қой арам өлер» дейді, бұлар іс тындырып жарытпас, өзім барайыншы.

Ол орнынан тұрып, жердегі қапшық пен жүгенді иығына артып, серіктерінің соңына түседі. Қырқадан асып, із кесіп келе жатқан ол шөп арасынан екі серігінің тырапай асып, өліп жатқанын көреді.

Қылкеңірдек қатты шошып:

– Ой-ба-ай!!! – деп, бақырып қалғанда, қылдай кеңірдегі түйіліп, «бырт» етіп үзіліп, ол да сол жерге «гүрс» құлайды.

Сөйтіп, ұрлыққа аттанған үш бақыр мақсаттарына жете алмай, ауыл сыртында үш жерде тырапай асып, өліп қалыпты.

Әдемі, қызықты басталған ертегі осылай тез бітіп қалады. Өкінішті, ә?!


***

Дегенімен, мен сендерді қуантайын, балалар, олар өлмеген екен! Үшеуі ел арасында жүрген көрінеді. Мен солардың бастан кешкен қызықты оқиғаларына куә болып, қағазға түсірген едім. Кәне, онда, жақсылап жайғасып, оқиық, ә?!



Другие книги автора Кеңес Оразбекұлы
Ваши рекомендации