Читать онлайн полностью бесплатно Бақыт Мәдімкызы - Дерт

Дерт

Беріліп отырған бұл әңгімеде ауыр дертке шалдыққан адамның көңіл-жайы, оның жанында бәйек болып жүрген адамдарға деген көзқарасы және өмірге деген құштарлығы жайында айтылады.

© Бақыт Мәдімкызы, 2018


ISBN 978-5-4490-2669-9

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Д Е Р Т

1997 жылдың күз айында Қанабек Байсеитов атындағы музыкалық колледжде дәріс бе – ріп жүрген Бақыт тәте ертемен үйінен шығып автобус аялдамасына келді. Аялдамада көлік күтіп тұрғандар баршылық екен. Номер сегізінші автобус келгенде мұнда тұрғандардың көпшілігі көлікке қарай лап берді. Әйтіп-бүйтіп көпшіліктің екпінімен Бақыт тәте де автобусқа ілінді-ау, әйтеуір. Колледж қаланың орталығында орналасқан еді. Мұнда ол кісі қазақ топтарына – сольфеджио, музыкалық сауатының негізі, гармония, музыкалық әдебиет пәндерінен қазақ тілінде дәріс беретін. Еліміз егеменді болып тәуелсіздік ел болғаннан кейін жоғарғы және орта оқу орындарында қазақ тілінде оқытатын топтар ашыла бастаған еді. Қазақ орта мектептерін бітіріп келген балаларға бұл өте тиімді болды. Жергілікті балалар әрине орыс тілін біледі. Ал ауылдан келген балаларға, әсіресе Монғолия мен Қытай елдерінен көшіп келген кісілердің балаларына орыс тілінде оқу қиынға соғады. Сондықтан қазақ топтары ашылғаны қуантатын жағдай болып табылады.

Сонымен, Бақыт тәте кабинетке кірді. Оқушы студенттер әлі жиналып бола қоймапты. Ол кісі сағатына қараса сабақтың басталуына әлі біраз уақыт бар екен. Балалармен амандасып, ананы-мынаны сөйлесіп отырғанда бір қыз оқытушысына қарап:

– Апай, бүгін Айгүлдің туған күні!

– А… жақсы екен, құттықтаймын! Денсаулығың мықты болып, деген арманыңа жет айналайын! – Осыдан кейін бір қызды қасына шақырып, – Нұргүл, мына ақшаны алып, жақын маңдағы дүкеннен кәмпит алып келе ғой, – деп құлағына сыбырлады.

Нұргүл түрлі-түсті фантиктерге әдемілеп ораған тәттілерді алып келіп апайына берді.

– Рахмет Нұргүл, сабағымызды бастайтын уақыт болыпты, орындарыңа отырыңдар. Алдымен балалар, Айгүл деген домбырашы қызымызды туған күнімен құттықтап қояйық та мына тәттілерден ала отырайық, – деп, Бақыт тәте Нұргүл әкелген жаңағы кәмпиттерді столдың үстіне бетін ашып қойып қойды. Оқушы студенттердің бәрі мәз болып тәттілерін ала бергенде Нұрлан деген сырнайшы бала есікті тоқылдатып, «кіруге рұқсат па?» деп кіріп келді.

– А, Нұрлан, неге кешігіп келдің? Орныңа отыра ғой, бұдан былай кешікпе, – деп апайы Нұрланға қарап жымиды. Столдың үстіндегі тәттілерді көріп Нұрлан:

– Бұл ненің құрметіне? – деп қалды апайына қулана қарап. Отырған балалардың бәрі күліп жіберді.

– Айгүл қызымыздың бүгін туған күні екен, құттықтап қой, қу бала, – деп апайы бұл балаға сүйсіне қарап жымиды.

Бұл топтағы балалар «Қазақ халық аспаптар бөлімінде» оқиды. Мұнда – домбыра, қобыз, сырнай, саз сырнай, сыбызғы, жетіген сияқты аспаптарда ойнап үйренеді. Сонымен бірге оқушылар музыкалық теория пәндерін бірге алып жүреді. Теория пәндеріне – сольфеджио, музыка теориясы, музыкалық әдебиеттер (Шетел музыка әдебиеті, Орыс музыка әдебиеті, Қазақ музыка әдебиеті және Кеңес дәүірінің музыка әдебиеті), гармония, полифония кіреді. Бұл пәндерді толық меңгерген оқушы ертең жақсы маман иесі болып шығады. Бақыт тәтенің алдында дәріс алып отырған оқушылар екінші курс студенттері. Сольфеджио пәні төрт жыл бойы, яғни оқу аяқталғанша созылады, ал басқа пәндердің өзінің оқу мерзімдері бар. Мысалы, музыка теориясын бірінші курста, гармонияны екінші курстан бастап оқиды. Бүгін оқушылар Гармония пәнінен дәріс алып отыр.

– Балалар, есімізге түсірейік, гармония деген ұғым нені білдіреді!? – деп оқытушы

оқушыларға қарады. – Кәне, Нұрлан, сен айта ғой.

– Гармония деген сөз – үйлесімділік – деген мағнаны білдіреді. Мысалы, бір дауысқа жазылған әнді екі, үш, төрт дауысқа салып, дыбыстарды үйлестіру арқылы айтуға болады. Немесе, бір дауыста берілген әнге сүйемелдеу партиясын жазып шығаруға болады.

– Жарайсың Нұрлан, отыра ғой. Ал енді мына бір дауыста берілген әуенді, Мәншүк қызым, тақтаға шығып жаза ғой, – деді де апайлары балаларға қарап, – ал сендер мына әуеннің тональдығын, оның құрамын және қай үндестіктен басталып қай үндестікке аяқталатынын анықтаңдар, – деп Бақыт тәте тақтаға қарады.

Балалар тақтадағы әуенді дәптерлеріне жазып алды да талдай бастады.

– Ал Мәншүк, бұл әуенді өзің талдап шық.

– Бұл әуен ре мажор тональдғында жазылған. Кілт қасында екі диез белгілері бар – фа-диез және до-диез. Әуен негізгі ре дыбысынан басталып, сол негізгі дыбысқа аяқталады.

– Негізгі дыбысты не деп атаймыз және қандай әріппен белгілейміз? – деп оқытушы балаларға қарады да, – сен айта ғой Қайрат, – деді.

– Бұл дыбысты, бұл дыбысты… – деп Қайрат күмілжіп, басын сипап тұрып қалды.

– Сен сабақты көп жібересің, оның себебі неде? – Апайлары Қайратқа қарап қатулы түрде үн қатты.

– Апай, ол ақша төлеп оқиды, сондықтан, ақша төлесем болды, диплом аламын деп ойлайды, – деді жанында отырған Дәулет.

– Қанша пұл төлесеңде, маған десең миллион төле, эмтиханды тапсыра алмасаң саған ешкім диплом бермейді балам! Ертең жақсы маман боламын десең, оқу оқы, білмеген, түсінбеген жеріңді сұра. Үндестіктер туралы тақырыпты біз бірінші курста, теория пәнінде өткенбіз. Ұмытпасам, былтыр да саған ескерткен тәрізді едім, солай ма!?

– Ия апай, түсіндім, – деп Қайрат орнына отырып, ұялғандай болып төмен қарады.



Ваши рекомендации